БАҚ ҮШІН ХАБАРЛАМА
Jańa Dala / Green Day ‘2025 көрмесінің рекордтық көрсеткіштері
21.07.2025 г.
Астана маңында өткен Қазақстандық Дала күні – «Jańa Dala / Green Day ‘2025» мамандандырылған көрме-демонстрациясы бірнеше рекордтармен есте қалды.
Агробизнес пен технологиялар саласындағы дәстүрлі көрме алғаш рет өз алаңында 10 мыңнан астам келушіні – фермерлерді, агроқұрылымдар мен кәсіпорындардың басшылары мен мамандарын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен жеткізушілерді, аграрлық ғылым мен білім саласының өкілдерін, мемлекеттік органдар мен даму институттарын, қоғамдық ұйымдар мен салалық кәсіби бірлестіктерді жинады.
Шара аясында 500-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары көрсетілді. Арнайы бөлінген алқаптарда олардың нақты жұмыс істеу мүмкіндіктері мен техникалық сипаттамалары іс жүзінде таныстырылды.
«Мал шаруашылығы» блогындағы асыл тұқымды ІҚМ аукционында көрме тарихында алғаш рет 6 миллион теңгеге бұқа сатылды. Бұл рекордты Qazaq Aqbas тұқымының 17 айлық «Жойқын» есімді бұқасы орнатты. Ал «Jańa Dala / Green Day ‘2025» көрмесінің «Үздік бұқа» номинациясының абсолютті чемпионы – Maverick есімді ангус тұқымды бұқа атанды. Оның иелері байқау демеушісі – «АГРОТЕХМЕНЕДЖМЕНТ» компаниясынан жаңа дөңгелекті тракторға ие болды.
«Jańa Dala / Green Day ‘2025» аясында Қазақстанда алғаш рет ветеринарлық мамандардың Құрылтайы (съезі) өтті. Бұл жиынға ауыл шаруашылығы жануарларының ауруларын емдеу, алдын алу және бақылау, фермерлік шаруашылықтарда санитарлық-ветеринарлық жағдайды қамтамасыз ету бойынша 150-ден астам маман қатысты. Құрылтайды ҚР Ветеринария палатасы, Қазақстан құс өсірушілер одағы және барлық республикалық ІҚМ тұқымдық палаталары ұйымдастырды.
Алғаш рет мұндай шараға ұйымдастырушылардың шақыруымен Астана мен Ақмола облысының мектептері мен үйірмелерінен 500-ден астам оқушы қатысты. Оларға экскурсоводтар мен педагогтармен бірге арнайы бағдарлама ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар табысталды.
Жалпы алғанда, Қазақстанның Дала күні – «Jańa Dala / Green Day ‘2025» іс-шаралары шамамен 383 гектар аумақта өтті. Бұл аумаққа техника жұмысының демонстрациясы үшін алаңдар, жол талғамайтын көліктерге арналған тест-драйв полигондары, «Тиімді гектар» тыңайтқыш байқауының тәжірибелік егістіктері және басқа да алаңдар кірді.
«Jańa Dala / Green Day» мамандандырылған көрме-демонстрациясы Дала күні форматында 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл шара – заманауи ауыл шаруашылығы технологиялары мен жоғары өнімді техника, сондай-ақ аграрлық өндіріс саласындағы инновациялық шешімдер таныстырылатын елдегі ең ірі демонстрациялық алаң. 2025 жылы бұл көрме 17-18 шілде аралығында Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Талапкер ауылынан 20 км қашықтықта орналасқан Нұресиль ауылындағы «Ақтық» АҚ демонстрациялық алқаптарында өтті.
Қазақстан мен әлем ауыл шаруашылығының өзекті және келешегі зор бағыттары «Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары», «Өсімдік шаруашылығы», «Мал шаруашылығы», «Тиімді гектар» атты блоктарда ұсынылды. Көрме барысында мал шаруашылығы, генетика мен селекция салаларындағы жетістіктер, ветеринария, агрономия, агрохимия және органикалық егіншілік салаларындағы инновациялық әзірлемелер көрсетілді.
Дала күніне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Франция, Беларусь Республикасы, Ұлыбритания, Германия, Нидерланд Корольдігі елдерінің елшілері, Ресей Федерациясының кең делегациясы және облыстар мен аудандар әкімдіктерінің өкілдері қатысты.
Көрмеге қатысушылардың айтуынша, мазмұнды іскерлік бағдарламадан бөлек, техника мен технологиялар көрмесі «Jańa Dala / Green Day ‘2025» өз қонақтарын ғылыми-практикалық мазмұнымен, сондай-ақ көрермендерге арналған танымдық әрі әсерлі шоу-бағдарламасымен де тәнті етті.
Көрменің ашылуында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров: «Республикадағы ауыл шаруашылығы саласында үлкен жұмыс атқарылды, бірақ алда бұдан да ауқымды міндеттер тұр. Министрлік агробизнес, Парламент және сарапшылар қауымдастығымен тұрақты диалог жүргізіп келеді. “Jańa Dala / Green Day” сияқты алаңдар бізге бір-бірімізді естуге, қолдау шараларын жетілдіруге, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді», – деді.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов: «Мұндай ауқымды шараның өткізілуі өңіріміздің ауыл шаруашылығы әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Ақмола облысы елдегі жетекші аграрлық өңір мәртебесін сенімді түрде сақтап келеді: 2024 жылы біз 6,5 миллион тонна көлемінде рекордтық астық жинадық. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1 триллион теңгеге жетті. Біз тек технологияны көрсетіп қоймай, саланың тұрақты әрі бәсекеге қабілетті дамуына нақты жағдай жасап отырмыз», – деп атап өтті.
«EXPO TIME» ЖШС-нің директоры, көрменің ұйымдастырушысы Адилхан Сагимбаев:
«“Jańa Dala / Green Day ‘2025” – аграрлық саладағы ең күтілетін оқиғалардың бірі. Біз қазірдің өзінде өңірлік деңгейден шығып, халықаралық алаңға айналдық. Ауыл шаруашылығы министрлігі аграршыларды қолдау, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, инновациялар енгізу және экспорттық әлеуетті кеңейту бойынша жүйелі шараларды табанды түрде іске асырып келеді. Ақмола облысы әкімдігінің қолдауы да зор. Осы жүйелі жұмыстың арқасында дүниежүзінің аграрийлерін біріктіретін мұндай ауқымды іс-шараларды өткізу мүмкін болып отыр. Көрме аясында маңызды келісімдер жасалды, отандық өндірушілер шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, жаңа серіктестер тапты. Көрменің басты мақсаты орындалды», – деді.
2025 жылғы 31 шілде мен 1 тамыз күндері Қостанай облысында «Jańa Dala / Qarqyn ‘2025» халықаралық ауыл шаруашылығы көрме-демонстрациясы өтеді. Шара «Восток-1» ЖШС және «Агрофирма Қарқын» ЖШС демонстрациялық алқаптарында (Қостанай қаласынан 65 км жерде, Мендіқара ауданы, Степановка ауылы) ұйымдастырылады.
________________________________________________
«Jańa Dala / Green Day» ақпараттық орталығы
Ринат Тасбулатов, 8 701 460 91 82
e-mail: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.
https://www.instagram.com/jana_dala_greenday/
















